Алматы прокуратурасы жүргізген талдау барысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне ақы төлеу кезінде жеңілдік алу құқықтарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қадағалау органының мәліметінше, прокурорлық қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша 2026 жылғы 10 маусымда Алматы қаласы мәслихатының «Халыққа қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтерін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Жаңа нормалар азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктерді көздейді.

Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының қатысушылары ТҚҚ шығару қызметіне ақы төлеуден толық босатылды. Оларға теңестірілген адамдарға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, балалық шақтан мүгедектерге, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ жетім балаларға 50% жеңілдік белгіленді.

Екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік осал санаттағы басқа да азаматтарға 25% жеңілдік қарастырылған.

Аталған жеңілдіктерді алу үшін Алматы прокуратурасы ұсынған мекенжайлар бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын ұйымдарға жүгіну қажет.

Алматы қаласының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін еске салды.