Бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болып, кейін Алматы қаласының игілігіне өткен қонақүй кешені қайтадан электрондық аукционға шығарылды. Бұл жолы бастапқы бағасы үш еседен астам өскен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Лот — жалпы ауданы 16 мың шаршы метрден асатын қонақүй кешені. Ол Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқан. Хабарландыруды Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті e-Qazyna.kz электрондық сауда алаңына жариялады.

Бұл жолы нысанның бастапқы бағасы 38 278 230 000 теңгені құрайды, ал кепілдік жарнасы 1,9 миллиард теңгеден асады. Аукцион 29 қазан күні сағат 10:00-де өтеді. Лот шарттарында саудаға жалғыз қатысушыға сатуға рұқсат етілетіні көрсетілген.

Ғимараттың қазіргі бағасы биылғы 25 қыркүйектегі алғашқы аукционда жарияланған бастапқы құннан үш есе жоғары: ол кезде бастапқы баға 12,7 миллиард теңгеден сәл астам болатын. Алғашқы сауда-саттық өтпеді, себебі бірде-бір қатысушы тіркелмеген.

Бұған дейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2023 жылдың тамызында сыйға тарту шартының негізінде қонақүйдің мемлекет меншігіне өткенін хабарлаған. Сол жылдың қыркүйегінде нысан Сот әкімшілігі департаментінің балансына берілген.

Сонымен қатар интернетте ғимаратты бұзу туралы ақпарат тарай бастады. Алайда қала әкімдігі NUR.KZ тілшісінің сауалына бұрынғы қонақүйді бұзу жұмыстары жүргізілмейтінін мәлімдеген. Сондай-ақ жоба аяқталған соң ғимарат пен жер телімін «Алматы қаласын цифрландыру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне беру жоспарланып отырғаны атап өтілген.