Алматыда ауыз су сапасына қатысты дау туындады: Тұтынушылардың ұлттық лигасының жетекшісі Светлана Романовская судан көк ірің таяқшасы табылғанын мәлімдеді. Бұған «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Романовская бұл жағдайды Қазақстандық пресс-клубта өткен баспасөз конференциясында баяндады. Оның айтуынша, тұтынушы ауыз су сапасын жақсарту үшін сүзгі сатып алып, оны үйіне орнатқан.
«Ол сүзілген судың қаншалықты қауіпсіз екенін және стандарттарға, МЕМСТ-ке сай келетінін тексеруді ұйғарды. Содан кейін аккредиттелген, аттестатталған зертханаға тапсырды. Яғни өтініш жазып, мамандар келіп, өз ыдысына сынама алып, зерттеу жүргізді. Сөйтіп, көк ірің таяқшасы табылды», — деп түсіндірді Светлана Романовская.
Ол судың қарапайым да, сілтілік те түрі тексерілгенін, алайда екеуінен де таяқша анықталғанын қосты.
«Біз әрі қарай жүрдік. „Горводоканалды“ шақырдық. Олар біз тек көк ірің таяқшасы мәселесін ғана көтеріп отырғанымызды біле тұра, келіп, сынама алды. Сосын: „Көк ірің таяқшасы жоқ, бірақ бізде бұл мәселе бойынша аккредитация да, аттестаттау да жоқ“ дейді. Оларда маман да, жабдық та, әдістеме де жоқ, бірақ көк ірің таяқшасы жоқ деп отыр. МЕМСТ бар екені, онда су қауіпсіздігінің стандарты бар екені белгілі болды. Белгілі бір көрсеткіштер де бар. Сонда „Горводоканалда“ неге көк ірің таяқшасы бойынша аккредитация мен аттестаттау жоқ? Себебі олар бұл суды ешқашан тексермеген. Оларда қауіпсіздік стандарттары жоқ, көк ірің таяқшасы тізімде де жоқ», — деп атап өтті Романовская.
Ол тексерілетін элементтер тізіміне көк ірің таяқшасын қосуды талап ететінін жеткізді.
Сонымен қатар «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жағдайға түсініктеме берді. Онда компания ауыз су сапасын оны дайындау мен тұтынушыларға жеткізудің барлық кезеңінде тәулік бойы бақылайтыны айтылды.
«Өндірістік зертханалық бақылау деректеріне сәйкес, қалалық су құбыры желісіне берілетін су белгіленген қауіпсіздік талаптарына сай. Әуезов көшесі, 64/4 мекенжайындағы үй тұрғынының өтініші бойынша кәсіпорын мамандары су сынамаларын алып, зертханалық зерттеу жүргізді. Тексерілген физикалық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша нормативтерден ауытқу анықталған жоқ. Ұсынылған хаттамаларда микроорганизм краннан ағатын су мен тұрмыстық сүзгіден кейінгі сынамалардан табылғаны көрсетілген. Оны анықтау әдістемесі хаттамаларда көрсетілмеген. Бұл микроорганизм орталықтандырылған сумен жабдықтаудың ауыз суының нормаланатын микробиологиялық көрсеткіштері тізіміне кірмейді. Ұсынылған хаттамалардың деректері микроорганизмнің қалалық су құбыры желісінде бар-жоғын анықтауға немесе судың гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасауға жеткіліксіз», — деді «Алматы Суда».
Бұдан бөлек, ұсынылған нәтижелерді тексеру үшін «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың аумақтық органымен бірлесіп, қалалық тарату желісіндегі үйге кіреберісте және үй ішіндегі су тарту нүктелерінде су сынамаларын алуды жоспарлап отыр.
«Алынған сынамаларды судағы осы микроорганизмді анықтауға аккредиттелген зертханаға қосымша зерттеуге жіберу жоспарлануда», — деп түйіндеді компанияда.


