Алматыда 53 жастағы такси жүргізушісі жолаушымен болған жанжалдан кейін сот үкімімен жеті тәулік әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы полициясының мәліметінше, жанжалға көлік салонының былғануы себеп болған. Тәртіп сақшыларының дерегінше, жүргізуші әйелге сөз таңдамай, қатты балағаттаған.
«Жүргізуші әйелді баласымен бірге алып бара жатқан. Бала салонды кездейсоқ былғап қалғанда, 53 жастағы жүргізуші агрессивті әрекет танытып, жолаушыны балағаттай бастады. Көлік тоқтағаннан кейін де ер адам көшеге шығып, былапыт сөздер айтып, ұрыс-керісті жалғастырды. Болған жайды әйел ұялы телефонына түсіріп алып, полицияға шағымданды», — делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға берді. Іс материалдары сотқа жіберілді — сот шешімімен ер адамға жеті тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
«Тұрмыстық жанжал немесе жолаушыға көңілі толмау адамның қадір-қасиетін қорлауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға құқық бермейді. Әсіресе мұндай әрекетке балалар куә болса», — деп еске салды полиция департаментінде.


