Алматылық әйел қаладағы түзету балабақшаларының бірінде ерекше баласына қатыгездік жасалғанын хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Threads әлеуметтік желісінде ovcharova.ga деген атпен жазба жариялаған әйелдің айтуынша, балабақша қызметкерлері ата-аналарға сабақтардың видеосын үнемі жіберіп отырады. Алайда бұл жолы мекемеден тәрбиешінің балаға дөрекі қол тигізіп, оған ұрысқан сәті түсірілген жазба келген. Жазба авторы қызметкерлер бұл сәтті жоюды ұмытып, видеоны абайсызда өзіне жіберіп қойған болуы мүмкін деп болжайды.

«Баламызды сеніп тапсырған жеріміз, бейнежазбаға қарағанда, оны ренжітіп, ұрып, қорлап, кемсіткен орынға айналды. Менің балам — ерекше. Ол сөйлемейді. Ол үйге келіп, анасына өзіне не істелгенін айта алмайды. Ол көмек сұрап немесе өзін қорғап, сөзбен жеткізе алмайды. Сондықтан біз балаларымызды мамандарға сеніп тапсырамыз. Бірақ баланың қауіпсіздігі сеніп тапсырылған ересек адамның өзі оған жарақат келтірсе, оны кім қорғайды? Біз қамқорлық, даму және кәсіби көмек үшін ақша төлейміз, қорқыныш пен кемсіту үшін емес. Мен үндемей отырмаймын. Ресми тергеу жүргізіліп, әділдік орнауын талап етемін», — деп жазды әйел.

Алматы полиция департаментінің тілшіге хабарлауынша, бұл факті бойынша тергеу жүргізілуде.

«Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға, әсіресе ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балаларға қатысты ықтимал тиісті емес қарым-қатынас фактілеріне ерекше назар аударады. Бұл факті бойынша тергеу басталды. Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлері бейнематериалдарды зерделеп, болған оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ түзету орталығы маманы мен басшылығының әрекеттерін анықтап жатыр», — деп хабарлады ведомстводан.

Полиция тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін нақтылады.