Алматыда жаппай уланудан кейін ауруханаға түскен оқушылар саны артып келеді: Қазақстанның балалар омбудсмені Динара Закиева жаңадан келіп түскен балалар туралы мәлімдеді, ал Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі асханада санитарлық талаптардың бұзылғанын растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, оқиға орнында қазір мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Ведомствоның ресми мәлімдемесінде асханада санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталғаны көрсетілген.
«Шектеу шаралары енгізілді, болған оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізілуде. РФМШ директорлар кеңесі мен басқармасына тамақтандыруды ұйымдастыру мен санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту, сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқу процесінің үздіксіздігін сақтау үшін оқу уақытша қашықтан форматта ұйымдастырылды. Қазір басымдық — оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықтарын қорғау, болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау және тексеріс нәтижелері бойынша қажетті шаралар қабылдау», — делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар Қазақстанның балалар омбудсмені Динара Закиева өзінің жеке Instagram парақшасында ауруханаға түскен балалар саны артқанын хабарлады.
«Алматыда уланумен ауруханаға түскен балалардың жағдайын білдім. Барлығы 43 ұл және 5 қыз. Жаңа ғана тағы үш бала әкелінді, олар РФМШ интернатында тұрады, әртүрлі облыстан келген. Жағдайлары тұрақты, улану фактісі бойынша тексеріс жүргізілуде», — деп жазды Закиева.
NUR.KZ тілшісі Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сұрау жолдады.
Бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің ондаған оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскені хабарланған. Осыдан кейін мектепте тексерістер басталды.
Кейінірек Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 48 оқушы жатқызылғанын, тағы 6 бала интернатта оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында екенін мәлімдеді.


