Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде Жароков көшесіндегі жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылғанына наразылық білдірді. Қаланың қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бұған жауап қайтарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жазба Threads желісіндегі hello_impumpkin лақап атымен тіркелген қолданушының парақшасында жарияланды. Автор қала әкімдігіне сауал жолдаған. «Айталық, алматылықтар марафонды жақсы көреді, бірақ кедергілерден секіріп жүгіруді емес. Әкімдік, Жароковтағы мына шаң-құмды сұлулықты қалай айналып өтуді ұсынасыздар? Жүріп өтетін жолдың қарсы бағытымен бе? Бүкіл қалада бітпейтін қазба жұмыстары қашанға дейін жалғасады? Әлде мен бірдеңені білмеймін бе, бәріміз кенеттен Minecraft-тың оффлайн турниріне қатысуға бел будық па?» — делінген өтініште.
Алматының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жұмыстар көшені кешенді абаттандыру жобасы аясында кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Ведомствоның дерегінше, жөндеу жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жаңартуға, аумақтың сыртқы келбетін жақсартуға және тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұру жағдайын жасауға бағытталған.
«Құрылыс-монтаж жұмыстары уақытша сипатта және шахмат тәртібімен ұйымдастырылған: жұмыстар жекелеген учаскелерде жүргізіледі, ал жаяу жүргіншілер аймағының қалған бөлігі жүріп өту үшін ашық қалады. Мұндай тәсіл жаяу жүргіншілердің жүріп-тұру мүмкіндігін сақтай отырып, көзделген жұмыстарды кезең-кезеңімен орындауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті басқармада.
Сондай-ақ онда аталған учаскедегі жұмыстарды ағымдағы жылдың 20 қарашасына дейін аяқтау жоспарланып отырғаны нақтыланды. Басқарма жұмыстардың барысын бақылап, тұрғындар үшін уақытша қолайсыздықтарды азайтуға шара қолданып жатыр.


