Алматыда жылу маусымы 9 қазан, жұма күні басталады. Алайда қала тұрғындарының пәтерлеріне жылу кейінірек жетеді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі түсіндіргендей, жылуды мерзімінен бұрын беруге ауа температурасының күрт төмендеуі себеп болған. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен 9 қазаннан бастап Алматыда орталық жылу жүйесіне қосылу басталады.

«Ең алдымен жылу әлеуметтік нысандарға — балабақшаларға, мектептерге және медициналық мекемелерге беріледі. Тұрғын үйлерді қосу 10 қазаннан басталады деп жоспарланып отыр. Жылу берілгеннен кейін КСК және ОСИ мамандары үй ішіндегі жүйелерді реттейді — радиаторлар мен тіреуіштерден ауаны шығарып, қысымды реттеп, пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді», — делінген хабарламада.

Әкімдікте қосымша айтқандай, «Алматы жылу желілері» ЖШС қысқы кезеңге дайындықты аяқтады. Ықтимал ақауларға жедел ден қою үшін материалдар мен жабдықтардың авариялық қоры жасақталды. 2026–2027 жылдардағы жылу маусымында 16 авариялық-жөндеу бригадасы — барлығы 220 маман және 56 техника бірлігі кезекшілік етеді.