Алматыда 2026 жылғы 2 қарашадан 2027 жылғы 19 наурызға дейін жылу желілері арнайы органикалық бояғышпен тексеріледі. Осыған байланысты құбырлардағы су ашық жасыл немесе сары-жасыл түске боялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Алматы жылу желілері» ЖШС түсіндіргендей, қазандықтардағы суға апта сайын органикалық индикатор — Уранин А (флуоресцеин динатрий тұзы) қосылады. Бұл жасырын ақауларды, құбырлардағы кемшіліктерді тез анықтауға және радиаторлардан суды заңсыз төгудің алдын алуға мүмкіндік береді.
Тексеру тек жылытуға жұмыс істейтін, ыстық сумен қамтусыз қазандықтарды қамтиды. Олар қаланың Алатау, Жетісу, Медеу және Түрксіб аудандарында орналасқан. Мекенжайлардың толық тізімін компания жариялады.
Компанияда заттың уыттылығы төмен, қоршаған ортаға қауіпсіз және рұқсат етілген концентрацияда — 1,0 г/м³ қолданылатынын сендірді.
«Көшеде (бу шыққан немесе құбыр жарылған жерлерде) жасыл суды көрсеңіз, қорықпаңыз! Бұл біздің индикатор жұмыс істеп, мамандарға ақауды жедел жоюға көмектесіп жатқанын білдіреді. Жеделдік үшін 109 қызметінің бірыңғай нөміріне хабарласа аласыз», — деп атап өтті «Алматы жылу желілері» ЖШС-де.


