Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдарға мамандарға электрондық жазылу шектеулерін жоюды, қабылдау кестелерінің өзекті болуын қамтамасыз етуді және поликлиника басшыларының қызметтердің қолжетімділігі үшін жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында мәлім болғандай, Алматыда өткен алқа отырысында дәрігерге қолжетімді жазылуды қамтамасыз ету және медициналық көмекті күту мерзімін қысқарту мәселесі қаралды.

Медициналық бақылау комитетінің дерегінше, мониторинг бірқатар поликлиникада медициналық көмектің қолжетімділігінде оң өзгерістерді көрсетті. Сонымен қатар жекелеген ұйымдарда бейінді мамандарға өз бетінше жазылу шектеулері мен дәрігерлер кестесін қалыптастырудағы кемшіліктер сақталып отыр.

Республикалық деңгейде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру жөніндегі шаралар кешені іске асырылды. Учаскелік дәрігерлердің қабылдау уақыты төрт сағаттан алты сағатқа ұлғайтылып, күту мерзімі бір-үш күнге қысқартылды. Медициналық медбикелердің функциялары кеңейтіліп, медбикелердің өз бетінше қабылдауы дамытылуда, жедел медициналық көмекті ұйымдастыру жетілдірілуде.

Денсаулық сақтау министрі медициналық ұйымдар басшыларының жұмысын ең алдымен пациенттер үшін көмектің нақты қолжетімділігі бойынша бағалау қажеттігін атап өтті.

«Тапсырмаларды орындауға формальды көзқарасқа жол берілмейді. Министрлік олардың іске асырылуын мониторингілеуді жалғастырады. Анықталған барлық бұзушылықтар бойынша комитеттерге тиісті бақылау шараларын жүргізіп, өз құзыреті шегінде шара қолдану тапсырылды. Оң динамика болмаған жағдайда қажетті басқарушылық шешімдер қабылданатын болады», — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.