АҚШ Қазынашылық министрі Скотт Бессент өміріне төнген ирандық қауіп салдарынан Вашингтон маңындағы үйінен әскери базаға көшіп кетті. Бұл туралы сейсенбі күні The New York Times басылымы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Таяу Шығыстағы соғыс басталғаннан бері Бессент Иран экономикасын әлсіретуге бағытталған америкалық қысымның басты ұйытқысына айналды. Ол санкциялар торы арқылы ислам республикасын «экономикалық тұншықтыруға» уәде еткен болатын.
АҚШ ұлттық барлау басқармасының басшысы Джей Клейтон өткен айда Тегеранның Таяу Шығыста және одан тыс жерлерде америкалықтарды нысанаға алу жөніндегі әрекеттерін «айтарлықтай күшейткенін» мәлімдеген. The New York Times басылымы іске қатысты үш дереккөзге сілтеме жасай отырып, бұл қатарға Бессент сияқты қазіргі және бұрынғы америкалық шенеуніктерді нысанаға алудың қарқын алуы да кіретінін жазады.
Аты аталмаған дереккөздердің мәліметінше, Иранның америкалық шенеуніктерге қарсы жоспарлары «неғұрлым ілгері сатыға» жеткен, алайда Бессентке төнген қауіптің ауырлығы белгісіз болып отыр.
Тегеран қолдайтын хусит жауынгерлерінің шабуылдары жиілеген соң, Вашингтон өткен айда Сауд Арабиясындағы аса қажет емес дипломатиялық өкілдік қызметкерлері мен олардың отбасыларына елден шығуға бұйрық берген еді.
Сонымен қатар Иран тарапынан төнген қауіптерге байланысты америкалық әскерилер соңғы апталарда Британиядағы екі базадан бірқатар ұшақты шығарып әкетті.
Соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық күш-жігер қарқын алып келеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сейсенбі күні Иран экономикасына жасалған қысымның арқасында одан әрі шабуыл жасаудың қажеті жоқ екенін айтты.


