Ақтауда тұрғын үй подъезінде ұйықтап жатқан баланың суреті тарағаннан кейін басталған тексеру қорытындыланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұған дейін Lada.kz басылымы Ақтаудағы тұрғын үй подъезінде ұйықтап жатқан баланың суретке түсірілгенін жазған болатын. Оқиғаға Маңғыстау облысының Бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Несібелі Қуатова назар аударды.

Сол кезде ата-анасы ведомство қызметкерлеріне баланың подъезде досын күтіп, екінші қабатта ұйықтап қалғанын түсіндірген. Қасынан өтіп бара жатқан әйел 14 жастағы жасөспірімді байқап, оны көрпе жапқан.

Аймақтық басылымның мәліметінше, оқиғадан кейін бала құқықтарын қорғау басқармасы мен Психологиялық қолдау орталығының мамандары кәмелетке толмаған баланың отбасына барып, жағдайды зерттеген.

Тексеру барысында баланың қазіргі жағдайы жақсы екені анықталды. Оған психологиялық қолдау көрсетіліп, анасымен қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Қазіргі таңда жауапты мамандар мен отбасы арасында тұрақты байланыс орнатылған, баланың жағдайы бақылауда. Кәмелетке толмаған баланың психологиялық жағдайын қолдау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда», — деді ведомствода.