Ақтауда жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан кәмелетке толмаған жаяу жүргінші зардап шекті: 11 жастағы оқушы жолды «зебрамен» кесіп өтіп бара жатқанда жеңіл көліктің астында қалды. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жазбада үш оқушының жолды кесіп өтіп бара жатқаны көрінеді. Сол сәтте жеңіл көлік балалардың бірін қағып кетіп, бала шетке ұшып түседі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, шақырту сағат 13:48-де түскен. Ол бірінші санаттағы шұғыл шақырту — жаяу жүргіншіні қағу деп белгіленген. Дәрігерлер 11 жастағы баланы қарап, жағдайын орташа ауырлық дәрежесінде деп бағалады. Алдын ала жабық бас сүйек-ми жарақаты және ми шайқалуы диагнозы қойылды.
16 қазан жағдайы бойынша оқушы облыстық балалар көпбейінді ауруханасында емделуін жалғастырып жатыр.
NUR.KZ тілшісі Маңғыстау облысы полиция департаментіне пікір сұрап хабарласты. Ведомствода апат сағат 13:43 шамасында Ақтаудағы 28А шағын ауданында болғанын мәлімдеді.
«Алдын ала деректер бойынша, Lada автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі жол жүру ережелерін бұзып, жолды кесіп өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 11 жастағы кәмелетке толмаған бала тізе буынынан жарақат алды. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді», — делінген хабарламада.
Жол жүру ережелерін бұзу фактісі бойынша жүргізушіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қолданылды. Автомобиль мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
«Маңғыстау облысы полиция департаменті жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, жаяу жүргінші өткелдерінің маңында жылдамдықты азайтуға және балаларға ерекше мұқият болуға шақырады», — деп қосты департаментте.


