Ақтөбе қаласының №2 соты өрт салдарынан 45 жастағы әйел мен оның он және алты жастағы екі қызы қаза тапқан автогаз құю станциясының иесіне үкім шығарды. Сотталған адамға төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Үкім 16 қазанда жарияланды. Жазасын ең аз қауіпсіздік колониясында өтейді. Прокурор оған осындай мерзім сұраған болатын. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне ене қойған жоқ, оған шағымдануға болады.

Қаза тапқандардың туыстары сотталушыны кешіріп, онымен медиативтік келісім жасасты.

Қайғылы оқиға 2026 жылдың маусымында болған. Отбасы қалаға сауда жасауға қыздардың әкесінің ағасына тиесілі Honda көлігімен бет алған. Жолда жазғы ас үйге арналған тұрмыстық газ баллонын құюды ұйғарған.

Ер адамның айтуынша, оператор баллонды багажниктен шығармай-ақ газ құюға келіскен. Ыдыс 30 литрге есептелген, алайда құю кезінде есептегіш 42 литрді көрсеткен. Ер адам жұмысшыға тоқтатуды айқайлап айтқан, бірақ жас оператор «Стоп» түймесін таба алмаған. Соңынан жарылыс пен өрт шыққан.

Қыздардың әкесі сол сәтте көшеде болған. Көлікті басқарған 54 жастағы ағасы қатты күйік алған. Әйел мен балалар өртеніп жатқан салонда қалып қойған. Олардың денелері өрт сөндірілгеннен кейін табылды.

«Жұбайым балалармен бұған дейін дәретханаға шыққан. Мен оларды көлікте жоқ деп ойладым. Салонда қалғанын кейін ағам айтты», — деді зардап шеккен адам сотта.

Өрттен кейін полиция Қылмыстық кодекстің 281-бабы бойынша — жарылыс қаупі бар нысандардағы қауіпсіздік ережелерін бұзу туралы қылмыстық іс қозғады. АГЗС иесі ұсталып, 7 қыркүйекте сот процесі басталды.

Қыздардың әкесі ұзақ ойланып, жұбайының туыстарымен сөйлескеннен кейін медиативтік келісімге келіскенін айтты.

«Маған өте ауыр, бірақ көндім. Көп ойландым, жұбайымның туыстарымен ақылдастым да, сотталушымен медиативтік келісімге келістім. Мен оны кешірдім», — деді ол.

АГЗС иесі жазаны жеңілдетуді және зардап шеккендермен татуласуды ескеруді сұрады. Оның айтуынша, ол материалдық және моральдық зиянды толық өтеген.

Сотталушы сондай-ақ қайғылы оқиға күні станцияда уақытша оператор жұмыс істегенін, оны кешке студент інісі ауыстырғанын айтты. Станция иесінің өзі қызметкерлерге үнемі нұсқаулық өткізіп отырғанын мәлімдеді.

Сотта ол тұрмыстық баллондарды құю мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, АГЗС-те бұған тыйым салынған, алайда адамдар мұндай ыдыстарды қайда құюға болатынын білмегендіктен, операторларға қайта-қайта жүгіне береді.