Ақтөбе облысының тұрғыны мас күйінде көлік басқарғаны үшін жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылған болатын. Енді ол осыған ұқсас бұзушылық үшін қайтадан полицияға ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайты мәлім еткендей, Ақтөбедегі Жаңақоныс тұрғын алабында патрульдік жүріп жатқан полицейлер ВАЗ маркалы көлікті тоқтатқан.
«Жүргізушінің әрекеті полицейлерде күдік тудырды. Куәландыру ер адамның алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Тексеру барысында жүргізушінің 2019 жылы мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылып, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды», — деді полицияда.
Көлік арнайы тұраққа, ал жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Мас күйінде көлік басқаруды қайталағаны үшін ер адамға қылмыстық жауапкершілік төнеді. Ол бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін», — деп қосты құқық қорғау органдары.


