Армения парламентіндегі отырыс билік пен оппозиция өкілдерінің арасындағы төбелестен кейін үзілді. Қақтығыс депутат Эдгар Казарян сөз сөйлегеннен кейін басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Халық қалаулыларының арасындағы қақтығыс Армения парламентінде «Сильная Армения» оппозициялық фракциясының өкілі Эдгар Казарян сөйлегеннен кейін болды.
Мінбеден Эдгар Казарян «Гражданский договор» билік партиясының өкілдерін алған премияларын жұмсамауға шақырып, бұл қаражат мемлекеттік бюджетке қайтарылуға тиіс екенін мәлімдеді.
«Рубинян мемлекеттік қаражатты жымқыруға жол берді. Мен сіздерді осы 250 мыңды жұмсамауға, премияларды жұмсамауға шақырамын. Біз бұл ақшаны сіздерден тиынына дейін қайтарамыз, осы елге және халыққа қасірет әкелгендерге жол бермейміз...», — деді оппозициялық депутат.
Рубен Рубинян оппозициялық депутатты күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөйлеуге шақырды, содан кейін оның микрофонын өшірді.
Казарян орнына қайта оралғаннан кейін билік жақтас және оппозициялық депутаттар арасында сөзге тартыс басталып, ол төбелеске ұласты.
«Гражданский договор» депутаты Айк Галумян, содан кейін оның әріптестері «Сильная Армения» фракциясының депутаттарына тап берді.
Рубинян барлығын орнына қайтуға шақырды, алайда төбелес басталғаннан кейін үзіліс жариялап, қауіпсіздік қызметкерлерін шақырды. Олар депутаттарды залдан шығарды, содан кейін қақтығыс парламент дәліздерінде жалғасты.


