«Арыс» футбол клубының директоры Арман Пирманов Instagram желісінде бейнеүндеу жариялап, Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) санкцияларына жауап берді. Ол клуб келісімді матчтарға қатыспағанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алтыншы қарашада ҚФФ Бақылау, тәртіптік және этика комитетінің отырыс қорытындысын хабарлады. «Арыстың» бас бапкері Ғалымжан Есенбаев «клубтың ресми тұлғасының матч нәтижесіне ықпал ету әрекеті туралы өзіне белгілі фактіні хабарламағаны» үшін 2027 жылғы 1 тамызға дейін дисквалификацияланды.
Пирманов «ҚФФ регламенттік құжаттарының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді тиісінше орындамағаны» үшін ескерту алды. «Арыс» футбол клубының өзі «ҚФФ-ның қызметтік тергеу аясындағы өкімін орындамағаны, сондай-ақ келісімді матчтарға қарсы іс-қимыл саясатының талаптарын сақтамағаны» үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жазаға тартылды.
Пирманов мамыр айында жеңілістер сериясы аясында Есенбаевпен бірге қызметтік тексеру ұйымдастырғанын айтты. Матчтарды қарап шыға отырып, директор мен бас бапкер «түсініксіз бірдеңе болып жатқанын» байқаған.
«Негізгі құрамдағы жігіттеріміздің түсініксіз қозғалыстар жасап жатқанын көрдік. Түсініксіз голдар жіберіп жатқанымызды байқадық. Сосын осының бәрін қиып, құзырлы органдарға жібердік. Бірақ содан кейін, көріп отырғаныңыздай, Ғалым ағамыз тоғыз айға шеттетілді. Енді апелляция береміз. Біз ешқандай келісімді матч ойнаған жоқпыз, ойнап та жатқан жоқпыз. Керісінше, осыны мәлімдегіміз келді, сол себепті қазір сәл түсініксіз жағдайға тап болдық. Өтінемін, ҚФФ жариялаған сипаттаманы мұқият оқып шығыңыздар. Бізге санкциялар дәл осы түсініксіз жағдай туралы кеш хабарлағанымыз үшін берілді», — деді Пирманов.
Түркістан облысының атынан шығатын «Арыс» өткен маусымда Бірінші лигада 26 турда 33 ұпай жинап, жетінші орын алды.


