Ауқымды онлайн-сауалнама Солтүстік, Оңтүстік, Орталық және Батыс Еуропа тұрғындарының рационында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетті: еуропалықтардың ашытылған өнімдерге қатысты ортақ дағдысы жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ашытылған өнімдерді тұтынуға арналған PIMENTO атты ірі еуропалық зерттеудің нәтижелері British Journal of Nutrition журналында жарияланды. Онлайн-сауалнамаға 53 елден 12 646 ересек тұрғын қатысты. Мамандар тағамның көлемі мен қабылдау жиілігін бағалауға арналған, порция суреттері бар 3FQ арнайы сауалнамасын пайдаланып, Еуропаның төрт макроаймағынан келген қатысушылардың рационын талдады.

Авторлар ашытылған өнімдер санатына дәстүрлі сүт өнімдерін ғана емес, кофе, шоколад, сондай-ақ өндірісіне микроорганизмдер қатысатын ашытылған дәнді дақылдарды да жатқызды. Талдау барлық аймақта бірдей жоғары сұранысқа ие жалғыз өнім — ашытылған сүт өнімдері екенін көрсетті: оларды респонденттердің 94,1%-дан 95,6%-ға дейінгі бөлігі тұрақты тұтынады. Кофе, шоколад және ашытылған көкөністердің де танымалдығы жоғары болды, алайда олардың тәуліктік тұтыну көлемі айтарлықтай ерекшеленді.

Ең үлкен аймақтық айырмашылық ашытылған бұршақ, ет және балық өнімдеріне, сондай-ақ Батыс Еуропада кең тараған өсімдік тектес баламаларға қатысты тіркелді. Зерттеу авторлары өнімдердің рационға қосылу жиілігі мен олардың нақты көлемі бір-біріне тәуелсіз көрсеткіштер екенін атап өтті. Алынған деректер дұрыс тамақтану жөнінде жалпы еуропалық емес, аймақтық ұсынымдар әзірлеу қажеттігін көрсетеді.