Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылу бойынша төлем мөлшері қандай формуламен айқындалатынын ашып айтты. Ведомствоның нақтылауынша, төлем тағайындау кезінде үш негізгі фактор ескеріледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бірінші фактор — асыраушының ресми табысы. Жүйе марқұмның соңғы екі жылдағы орташа айлық жалақысын автоматты түрде талдап, одан заңмен белгіленген әлеуметтік минимумды, яғни ең төменгі жалақының жартысын шегеріп тастайды. Осының негізінде есептік база қалыптасады.
Екінші фактор — отбасындағы асырауындағылардың саны. Қамқорлықта қалған балалар немесе еңбекке қабілетсіз жақындар қаншалықты көп болса, қолданылатын коэффициент те соғұрлым жоғары болады — 0,5-тен 1,0-ге дейін (50-ден 100 пайызға дейін).
Үшінші фактор — әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі. Мұнда заңды еңбекті ынталандыру қағидасы әрекет етеді: бес жылға дейінгі өтіл кезінде базалық 1,0 коэффициент қолданылады, ал әрбір келесі ресми жұмыс жылы үшін ол артып, қорытынды төлемді көбейтеді. Сонымен қатар есептеу кезінде әрдайым табысты өтеудің бірыңғай коэффициенті — 0,6 (60 пайыз) қолданылады.
Ведомство мысал келтірді: жұмыс істейтін азаматтың артында екі баласы бар отбасы қалды. Оның соңғы екі жылдағы ресми орташа айлық табысы 300 000 теңге, ал МӘСҚ жүйесіне қатысу өтілі жеті жыл болған. Есептеу үш кезеңмен жүргізіледі.
Бірінші кезең — базалық табысты айқындау. Жүйе орташа айлық жалақыдан ең төменгі жалақының жартысын (2026 жылы бұл 42 500 теңге) шегереді: 300 000 минус 42 500 — 257 500 теңге.
Екінші кезең — отбасы жағдайы мен өтілді ескеру. Алынған сомаға жүйе табысты өтеу коэффициентін (0,6), сондай-ақ екі бала үшін (0,65) және жеті жылдық өтіл үшін (1,04) өсім коэффициенттерін автоматты түрде қолданады.
Үшінші кезең — қорытынды нәтиже. Бұл отбасы үшін қордан төленетін айлық төлем 104 442 теңгені құрайды.
«Бұл ретте бүкіл сома бюджеттен берілетін тіркелген мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша ретінде келеді, ол 2026 жылы екі балаға 86 447 теңгені құрайды. Нәтижесінде отбасы үшін айлық қолдау 190 889 теңгеге жетеді — бұл ресми жұмыспен қамтылу жақындардың қорғанысын екі еседен астам арттыратынының көрнекі мысалы», — деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.
Ведомство дерегінше, барлық есептеу толық автоматтандырылған: ақпараттық жүйе ресми аударымдар туралы мәліметтерді мемлекеттік базалардан өзі жинап, қандай да бір қателік немесе адам факторын жояды.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақы тағайындау ережелері түбегейлі өзгереді. Бұрын негізгі шарт баланың туылуы, көпбалалық немесе мүгедектіктің болуы болса, енді мемлекет отбасылардың материалдық қамтамасыздығын кешенді бағалауға көшеді. Бұған дейін барлық отбасылар әл-ауқаттың бес санатына бөлінетіні хабарланған. Біз қазақстандықтардың қайсысы А (әл-ауқаты жоғары деңгей), B (дүниесі бар), C (табысы 305 мыңнан) және D (кедейлік шегінде) мен Е (ең осал санат) санаттарына жатқызылатынын жазған болатынбыз.


