Астанада пәтер алуға көмектесу сылтауымен алаяқтық жасады деп күдіктелген әйел ұсталды. Тиімді мәміле туралы уәдеге сенген елорда тұрғыны 5 млн теңгеден айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы хабарлағандай, ұсталған әйел ірі сомаға алаяқтық жасады деп күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті өзін банк саласында жұмыс істейтін маман ретінде таныстырып, жәбірленушінің сеніміне кірген.
«Ол қаладағы бір банктің аукционы арқылы пәтерді нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен алуға көмектесуге уәде берді. Уәдесін растау үшін күдікті құжаттарды рәсімдеуге және аукционға қатысуға ақша қажет деп, түрлі сылтау айтты. Соның салдарынан жәбірленуші оның шотына барлығы 5 млн теңге аударды. Алайда уәде етілген пәтер берілмеді. Анықталғандай, күдікті алған ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсап жіберген», — деп нақтылады ведомствода.
Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктінің осыған ұқсас екі эпизодқа қатысы бар екені анықталды.
Полиция азаматтарды жылжымайтын мүлікпен мәміле жасағанда сақ болуға шақырады. Пәтерді арзан бағамен алу, жеңілдік бағдарламаларына қатысу немесе аукцион арқылы тұрғын үй рәсімдеу туралы ұсыныстарды міндетті түрде ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет.


