Астанада жеті адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Олар ауқымды алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Елордалық прокуратураның дерегінше, алаяқтардың құрбаны 51 азамат болған, ал жалпы материалдық шығын 413 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қадағалау органының мәліметінше, топ мүшелері төрт жыл бойы азаматтарды жеңілдік бағдарламалар бойынша тұрғын үй алуға, сондай-ақ тиімді кредит пен қаржыландыру алуға көмектесеміз деп алдап келген.

Өз қызметіне заңдылық көрінісін беру үшін алаяқтар кеңсе үй-жайларын жалдап, коммерциялық ұйымдар құрып, қызмет көрсету шарттарын жасасып, кепілдік хаттар рәсімдеген. Сонымен қатар құрбандарды мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда таныстары бар деп сендірген.

Айыпталушылардың әрекеті Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сараланды: ҚК 190-бабының 4-бөлігі (қылмыстық топ жасаған, ірі және аса ірі мөлшердегі алаяқтық) және ҚК 262-бабы (ұйымдасқан топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу). Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді.