Астана тұрғыны әлеуметтік желіде елордадағы мемлекеттік балабақшалардың бірінде қарындасына дене күші қолданылып жатқанын жазды. Бұл жазбаға полиция қызметкерлері ден қойып, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жазба Threads әлеуметтік желісіндегі Bayankentau2024 аккаунтында жарияланған. Автордың сөзінше, мемлекеттік балабақшада қарындасына қол жұмсалып жүр. Жарияланымға сәйкес, бұл оқиға бірнеше ай бұрын алғаш рет болған, алайда жағдай қайталанған.

Жазба авторының айтуынша, тәрбиеші оларға бала қаша бастағанын, сондықтан ол «жәй ғана қолымен тиіп кеткенін» айтқан. Автор полицияға өтініш берілгенін де қосты.

«Біз шаршадық, балабақша бізді естімейді», — делінген жазбада.

Жарияланымға автордың айтуынша, баланың денесіндегі жарақаттарды растайтын бірнеше сурет те қоса тіркелген.

Жазбаға Астана қаласының «Есіл» ауданы полиция басқармасы пікір білдірді. Онда қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны, алайда тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейтіні хабарланды.