Астана тұрғыны TikTok тікелей эфирінде былапыт сөздер айтқаны үшін жеті тәулікке қамауға алынды. Бұл шешімді сот шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, TikTok платформасындағы тікелей эфирдің бейнежазбасын полицейлер әлеуметтік желілерді бақылау барысында анықтаған. Трансляция кезінде аккаунт иесі көпшілік алдында былапыт сөйлеген.

Полицияда атап өткендей, ер адам қоғамдық тәртіпті және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын бұзатын сөздер айтқан.

«Тараз қаласының 36 жастағы тумасы Д. С. анықталды. Ол айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен құқықбұзушыға 7 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», — деді полицияда.

Ведомствода интернет кеңістігі ережелер мен жауапкершіліктен бос аймақ емес екенін атап өтті.

«Жария трансляциялар, пікірлер мен жарияланымдар пайдаланушыларды қоғамдық мінез-құлық нормаларын сақтау және айналасындағыларды құрметтеу міндетінен босатпайды. Құқыққа қайшы әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген», — деп атап өтті құқық қорғау органдары.