Қазақстан астанасында «Buyers Union» ЖК қаржы пирамидасы бойынша айыптау үкімі шықты: бес ұйымдастырушының барлығы бас бостандығынан айырылды, ал зардап шеккен салымшыларға шығын өтеледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің елорда сотына сілтеме жасап хабарлауынша, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сотталушылар Ш., И., А., К. және Х.-ты қаржы пирамидасын құру және оны басқару, сондай-ақ қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастыруға көмектесу бойынша кінәлі деп таныды.

Сот деректеріне сәйкес, 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Ш. И., Х., К. және А.-ның көмегімен Қазақстан Республикасының аумағында «Buyers Union» ЖК қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырған. Ақша тарту үшін қатысушыларға (салымшыларға) тұрғын үй мен көлікті пайызсыз алуды ұсынған. Осы сылтаумен салымшылардан ақша қабылданып, нәтижесінде 44 азаматқа 111 млн теңгеден астам сомада материалдық шығын келтірілген.

Сот бес сотталушының барлығын кінәлі деп таныды. Олардың барлығы бұған дейін басқа іс бойынша сотталғаны, сондықтан бұрынғы үкімдер бойынша жазаның өтелмеген бөлігі ішінара қосылып, түпкілікті мынадай жаза тағайындалғаны атап өтілді.

Ш. — азаматтардың қаражаты мен инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Түпкілікті азаматтардың қаражаты мен инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 8 жылға айыра отырып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

И. — көрсетілген құқықтан 7 жылға айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Түпкілікті көрсетілген құқықтан 8 жылға айыра отырып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

А., Х. және К. — көрсетілген құқықтан 7 жылға айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Түпкілікті көрсетілген құқықтан 8 жылға айыра отырып, әрқайсысына 5 жыл 6 айдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сотталғандардан 44 жәбірленушінің пайдасына материалдық шығынды өтеу есебінен 111 млн теңгеден астам сома, сондай-ақ 700 мың теңге өкілдік шығыстар өндірілді.

Еске салайық, өткен аптада Қаржылық мониторинг агенттігі осы қаржы пирамидасы туралы істің мән-жайын айтқан болатын. Кең таралған кеңселер желісі Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы, Шымкент және Қазақстанның басқа да елді мекендерінде жұмыс істегені анықталды.