Астанада полиция қызметкерлері есірткі заттарын сақтап, таратты деген күдікке ілінген 19 жастағы қызды ұстады. Жедел іздестіру барысында құқық қорғау органдары оның жеке басын анықтап, жалға алған студия пәтерінде тінту жүргізді. Тінту кезінде тыйым салынған заттардың ірі партиясы табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайты хабарлағандай, полицейлер ас үй шкафынан ақ түсті ұнтақ зат салынған пластик контейнер тапқан. Кейін бөлмедегі аяқ киім қорабынан осындай құрамдағы тағы бір контейнер, сондай-ақ 300-ден астам орама мен заттарды өлшеп-қаптауға арналған құралдар анықталған.
Алынған заттың жалпы салмағы шамамен бір килограмм болды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат — мефедрон.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Алдын ала анықталғандай, қыз өзіндік “қойма” рөлін атқарған: есірткі заттарын сақтап, одан әрі тарату үшін беріп отырған», — деп толықтырды құқық қорғау органдары.
Қазіргі таңда құқыққа қарсы әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге де адамдар анықталып жатыр.
«Есірткі заттарын сақтау мен тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Құқық қорғау органдары есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Есірткінің заңсыз айналымы туралы ақпараты бар азаматтарды оны 102 нөміріне дереу хабарлауға шақырамыз», — деді полицияда.


