Баласының туғанын тойлау 35 жастағы астаналық ер адам үшін әкімшілік қамауға айналды: тұрғын үйлердің арасында түнде атылған фейерверк көршілердің тыныштығын бұзып, полицияның назарына ілікті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің медиапорталы мәлім еткендей, ер адам елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында пиротехникалық шоу ұйымдастырған. Қатты дүрсіл жақын маңдағы үйлердің тұрғындарының демалысына кедергі келтірген соң, оқиға орнына полицейлер келді.
«Полицейлер анықтағандай, мерекелік шара пиротехниканың қатты дыбысымен өтіп, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарының тыныштығын бұзды. Ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық және тыныштықты бұзу фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен оған бес тәулікке әкімшілік қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», — делінген ведомство хабарламасында.
Полиция пиротехниканы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұза отырып пайдалану заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын, ал мерекелік шаралар айналасындағыларға кедергі келтірмеуі керектігін еске салды.
Бұған дейін Астанада оқу орнының жанында құрбысының туған күніне орай пиротехника атқан жергілікті тұрғындар бес тәулікке қамалғаны хабарланған болатын.


