Астанада Hyundai көлігін мас күйде басқарған жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы infohub.kz сайты елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция полкінің қызметкерлері назарына түскен Hyundai маркалы көлікті тоқтатқан. Оқиға Әуезов көшесінде болған: көлік Сейфуллин көшесінен Жангелдин көшесіне қарай келе жатқан. Рөлде 35 жастағы ер адам отырған.

«Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушіден ащы алкоголь иісі шықты, сондықтан ол медициналық куәландыруға жіберілді. Сараптама ер адамның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды», — деп хабарлады полиция департаментінде.

Сот шешімімен жүргізуші 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.