Астана тұрғыны бейтаныс ер адамның әдепсіз әрекетіне тап болып, полицияға шағымданды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға бейнеге түсірілген. Telegram-дағы Qumash арнасында Астанада бейтаныс ер адамның қызға қатысты әдепсіз қылығын көрсететін бейнежазба жарияланды.
«Ер адам біраз уақыт астаналық қыздың соңынан еріп, кейін оның интимді жерлерін ұстап, қашып кетті», — делінген хабарламада.
NUR.KZ тілшісі елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне пікір сұрап хабарласты. Онда тұрғынның бейтаныс ер адамның құқыққа қайшы әрекеттері туралы полицияға арыз жазғанын мәлімдеді.
«Дерек тіркелді, полиция қызметкерлері алдын ала мәліметтер бойынша қызды көшеде қуып, ғимаратқа кірерде оған қатысты әдепсіз әрекет жасаған ер адамды анықтады», — деп қосты Астана полиция департаменті.
Полицияда қазір тексеру жүргізіліп жатқанын, оның нәтижесінде ер адам заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатынын нақтылады.


