Қазақстан астанасында прокуратура тұрғын үй аулаларында түнде қатты дауыспен құттықтау жиілеп кеткеніне қатаң қадам қолданып, бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қадағалау органының мәліметінше, соңғы кездері тұрғын үйлердің жанында түнде қатты музыкамен отшашу атып, туған күн иелерін құттықтау дәстүрге айналған. Бұл көлік дабылдарының жаппай іске қосылуына әкеліп, тұрғындардың әбден заңды наразылығын тудырады.
Астана прокуратурасы бұзушыларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тарту тәжірибесін енгізді.
Ведомство дерегінше, 26 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 19-ы 10 тәулікке дейін қамауға алынды, 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған 6 әйел және 1 кәмелетке толмаған жасөспірім айыппұл төледі.
«Түнде адамдардың арасында, тұрғын үйлердің немесе көліктердің жанында пиротехника ату — айналадағылардың өміріне, өрт қауіпсіздігіне, денсаулығы мен мүлкіне тікелей қауіп төндіреді. Астана прокуратурасы азаматтарды бөтеннің тыныштығын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады», — деді прокурорлар.
Бұған дейін хабарланғандай, алматылықтарға ескертілген: 2027 жылдан бастап мегаполисте арнайы экологиялық талаптар қолданылатын аймақта отшашу атуға тыйым салынады.


