Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңа сумен жабдықтау нысандарының құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Қаланы дамыту барысында инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлеміз. Жылумен, электрмен жабдықтау, кәріз, жаңбыр суы, сумен жабдықтау және басқа да нысандарды жаңғыртып, салып жатырмыз. Қаланы сумен жабдықтауға толығырақ тоқталғым келеді. 2024 жылы су тұтыну көлемі тәулігіне 340 мың м³ болса, биыл ол тәулігіне 380 мың м³-ге жетті. Қуаттылықты арттыру үшін бірқатар нысандарды салып, жаңғыртып жатырмыз», — деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Мәселен, бұған дейін үшінші сорғы-сүзгі станциясы (СФС-3) салынып, пайдалануға берілген. Жобаның қуаттылығы — тәулігіне 105 мың м³. Келесі жылы СФС-3-ті кеңейту жобасын іске асыру басталады, бұл қосымша тәулігіне 70 мың м³ береді.

Сондай-ақ маңызды жобалардың бірі — Тельман сорғы станциясынан техникалық су құбырын салу. 13,2 км-дің 10,5 км желісі төселді. Бұл су құбыры су дайындау станциясына тәулігіне 50 мың м³ көлемінде бастапқы су беруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қ. Сәтбаев каналынан су әкелетін құбыры бар төртінші сорғы-сүзгі станциясын (СФС-4) салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның қуаттылығы тәулігіне 210 мың м³ болады.

Жалпы алдағы жылдары магистральдық сумен жабдықтау желілерін салу бойынша 20-ға жуық жобаны іске асыру қажет. Осы жобаларды жүзеге асыру елорданың одан әрі дамуы мен су тұтынудың өсуін ескере отырып, қаланы сенімді және үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.