Қазақстан астанасында такси жүргізушісі бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Себебі — қоғамдық орында балағат сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағаны. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдарының қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылап отырып, «Нұрлы жол» теміржол вокзалының тұрағында түсірілген бейнежазбаны анықтаған.
«Кадрларда такси жүргізушісі өзін ұялы телефон камерасына түсіріп, жеке заттарын көлік багажына өзі салмаған клиенттің әрекетіне наразылығын білдіреді. Сонымен қатар ер адам балағат сөздер айтады. Тексеру барысында полицейлер бұзушының жеке басын анықтады. Ол — Ақтөбе облысының 35 жастағы тумасы», — деп хабарлады полиция департаментінде.
Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адам жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 5 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.


