Қазақстан астанасында тағы екі мемлекеттік оқушылар сарайы — TANYM ART және TANYM SPORT көпфункционалды кешендері ашылды. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Қала басшысының айтуынша, мекемелер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ашылған. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен астанада тағы екі мемлекеттік оқушылар сарайын — TANYM ART және TANYM SPORT көпфункционалды кешендерін аштық. Олар балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған. Жалпы ауданы 12 мың 225 шаршы метр болатын үш қабатты ғимараттардың әрқайсысында бассейн, спорт және концерт залдары, оқу кабинеттері, коворкинг аймақтары және басқа да нысандар қарастырылған. Кешендерде STEM-технологиялар, техникалық және ғылыми шығармашылық, сондай-ақ эколого-биологиялық бағыт бойынша сабақтар ұйымдастыру жоспарлануда», — деп жазды Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында астанада әлеуметтік инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінеді: жыл сайын жаңа мектептер, балабақшалар және оқушылар сарайлары ашылады.

«Бүгін ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен және ҚР Ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге оқушылар сарайларына бардық. Балалармен әңгімелесіп, орталықтың жұмысымен таныстық. Іс-шараға танымал спортшылар да қатысты: дзюдодан әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Гусман Қырғызбаев, бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбай», — деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Әкім жаңа мемлекеттік кешендер астананың қосымша білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қабілеттерін дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік беретінін қосты. Сонымен қатар әр кешенде 100-ден астам жұмыс орнын құру қарастырылған.

«TANYM ART кешені Сарыарқа ауданында Бейбарыс сұлтан көшесі, 15 мекенжайында орналасқан. TANYM SPORT кешені Алматы ауданында Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында. Бұған дейін қалада төрт оқушылар сарайы ашылған, оның ішінде жеке инвестициялар есебінен де. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», — деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.