Қазақстан астанасының екі тұрғыны TikTok әлеуметтік желісінде бірлесіп тікелей эфир жүргізіп, онда былапыт сөйлегені үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қалалық полиция департаментінің нақтылауынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірлескен трансляция барысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған екі тұрғынды анықтап, ұстаған. Олар 25 және 23 жастағы ер адамдар болып шықты.

«Трансляция кезінде ер адамдар жалпыға ортақ қоғамдық мораль мен имандылық нормаларына қайшы келетін сөздерді қолданып, былапыт сөйледі. Олардың әрекеттері ұсақ бұзақылық деп сараланды», — делінген полиция хабарламасында.

Сот шешімімен екеуі де бес тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция әлеуметтік желілердің пайдаланушыларды мінез-құлық пен жарияланған контент үшін жауапкершіліктен босатпайтынын еске салды. Тікелей трансляциялар да қоғамдық тәртіпті бұзуға құқық бермейді.