Астанада тұрғын үй аулаларындағы автотұрақтардың бөгеуінен құтқару техникасы шақырту орнына жедел жете алмай жатқан мәселені арнайы эвакуациялық арбалар, әкімшілік айыппұлдар және тұрғындармен түсіндіру жұмыстары арқылы шешіп жатыр. Бұл туралы үкіметтегі брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Мұрат Мұханов өрт сөндіруші көліктерінің жүруіне кедергі келтіретін тұрақ мәселесі елордада қалай шешіліп жатқаны туралы сұраққа жауап бергенде айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Мұндай мәселелер бұрын да болған, әлі күнге дейін кездеседі. Бірақ біздің өрт сөндірушілер мен құтқарушылар бір секунд та жоғалтпауға тырысады. Өрт бөлімшелерінде көліктерді эвакуациялауға арналған арнайы арбалар бар. Біз еркін жүруге және арнайы көлікке орын бөлуге қатысты түзетулерді пысықтадық. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай жағдайларда әкімшілік айыппұлдар қолданылады. Жылыту маусымында үй-үйді аралау кезінде ПИК және ТКҚ-мен жұмыс істейміз, тұрғындармен кездесулер өткізіп, үйлерге кіреберіс пен өткелдерді бөгеуге болмайтынын түсіндіреміз», — деді ТЖМ басшысы Мұрат Мұханов.
Еске салайық, сәуірде Астанада болған қайғылы оқиға кең резонанс тудырған еді. 12 сәуірге қараған түні елорданың Есіл ауданында Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шықты. Сол кезде 20 адам эвакуацияланды, алайда пәтерден үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Сонымен қатар бір әйел күйік алып, ауруханаға жатқызылды. Өрт шыққан ғимаратқа барар жолды көлік бөгеп тұрғаны хабарланған болатын.
Кейін депутат Олжас Күспеков үйлердің жанында өрт дәліздерін енгізуді, сондай-ақ құтқарушыларға кедергі келтіретін көліктерді алып тастауға және зақымдауға рұқсат беруді ұсынды. Бұл ұсыныс айтылғаннан кейін ТЖМ Астанадағы өрт сөндірушілердің неге көліктерді соғып кетпегенін түсіндірді. «Көлік өткелді сындыра бөгеген жоқ» және ол қысқа мерзімде алынып тасталды деп мәлімделді.


