Астана тұрғыны elena.zvezdnaya деген никпен Threads әлеуметтік желісінде баласы қазақстандық фастфуд желілерінің бірінде тамақтанған соң ауруханаға түскенін жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әйелдің айтуынша, баласында қатты аллергиялық реакция басталған. «Бүкіл денесі күлдіреуікке толып, қыши бастады, қызарған дақтар лезде бүкіл денесіне тарады! Супрастин көмектеспеді, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Балаға преднизолон егілді. Дәрігерлер кез келген сәтте Квинке ісігі басталуы мүмкін, бауырдан улану қаупі бар деп ескертті. Келесі күні бәрі қайталанды, бала ауруханаға жатқызылды», — деп жазды ол.

Кейін астаналық әйелдің айтуынша, баласы жатқан палатаға дәл осындай қатты аллергиялық реакциясы бар тағы бір бала түскен. Әйел сол бала да осы фастфуд желісінде тамақтанған деп мәлімдеді.

«Менің баламның денесінде күн сайын қызарған дақтар мен күлдіреуіктер қайта пайда болады — аллергенді шығару өте қиын. Ол өзін үнемі білдіріп отырады», — деді әйел. Пікірлерде ол баласы бургер мен картоп фри жегенін нақтылады.

NUR.KZ тілшісі Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан жағдайға қатысты пікір алды. «Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екі пациентте аллергиялық реакция байқалғанын хабарлайды. Пациенттерге қажетті медициналық көмектің барлығы көрсетілуде. Пациенттердің жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады», — деді ведомствода.