Астанада ұшақ салонында алдында отырған жолаушыдан 3 600 АҚШ долларын ұрлады деген күдікке ілінген шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, Астана әуежайында тәртіп сақшыларына елорданың 41 жастағы тұрғыны жүгінген. Ер адам Чунцин — Пекин — Астана бағытындағы рейспен ұшып келгенін, алайда Қазақстанға келген соң 3 600 АҚШ долларының (шамамен 1,6 млн теңге) жоғалғанын байқағанын айтқан.

Зардап шеккен азамат болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды сұраған. Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол — сол рейспен ұшқан және арызданушының артындағы орынды иеленген шетелдік азамат.

«Күдікті елордадағы қонақүй бөлмелерінің бірінен ұсталды. Тінту барысында одан түрлі валютадағы ақшалай қаражат, оның ішінде ұрланған соманың барлығы тәркіленді. Ұсталған адам кінәсін мойындады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», — деді Көліктегі полиция департаментінде.

Қазіргі уақытта ұрланған 3 600 АҚШ доллары заңды иесіне толық көлемде қайтарылды.