Астанада жыл басынан бері мүлікті бүлдіру және вандализм деректерінің 200-ден астамы тіркелді. Бұзушыларға қарсы күресте елорда билігі бейнебақылау камераларымен қатар дрондарды да іске қосты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Елордада вандалдарды бақылаудың күшейтілгені туралы Астана әкімдігі мәлімдеді. Ведомствоның баспасөз қызметі нақтылағандай, бұзушыларды дрондар арқылы да қадағалай бастады.
Әкімдік дерегінше, вандалдардың әрекетінен көбінесе аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарнама құрылымдары зардап шегеді. Сонымен қатар тұрғын үйлердің кіреберісіндегі бейнебақылау камералары мен лифт жабдықтарын бүлдіру деректері де тіркелуде.
Елордалық полицейлер қоғамдық орындарды бақылауды күшейтті. Бақылау бейнебақылау камералары арқылы жүргізіледі, ал құқықбұзушылықтың алдын алу үшін дрондар пайдаланылады.
Әкімдікте еске салғандай, бөтен мүлікті қасақана бүлдіргені үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Құқықбұзушылықтың сипатына қарай кінәлілерге айыппұл, әкімшілік қамау, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу міндеті жүктелуі мүмкін.
Полицейлер мен әкімдік Астана тұрғындарын вандализм деректеріне бейжай қарамауға шақырады. Қоғамдық немесе жеке мүлікті бүлдіру жағдайлары анықталса, дереу 102 нөміріне хабарласу қажет.


