Астананың сол жағалауында заңнаманы бұза отырып салынған тұрғын емес үй-жайды бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Елорда әкімдігінің түсіндіруінше, бұған дейін Астананың Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша құрылыс иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жоюға міндеттелді.

Алайда иесі нұсқаманы орындамады. Осыған байланысты басқарма заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап арызбен сотқа жүгінді.

Іс қаралғаннан кейін сот шешімін орындау басталды. Қазір бұл жұмысты басқарма әділет департаментімен бірлесіп жүргізіп отыр.

Сондай-ақ әкімдікте 2026 жылдың басынан бері басқарма 497 жоспардан тыс тексеру жүргізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы 243 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 343 млн теңгеден асатын 860 әкімшілік айыппұл салынды.

Астана тұрғындарын құрылыс кезінде заңнама талаптарын сақтауға шақырды. Әкімдікте өз бетінше құрылыс жүргізу және белгіленген нормаларды бұзу үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.