Астанада жүргізуші куәліктерін заңсыз беруге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында Халыққа қызмет көрсету мамандандырылған орталығының (Мамандандырылған ХҚКО) қызметкерлері мен «көмекшілер» деп аталатын адамдар болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана прокуратурасының мәліметінше, тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті жүргізген, іс материалдары сотқа жіберілді.

Тергеу деректеріне сәйкес, сыбайластар арасындағы рөлдер нақты бөлінген. Делдалдар ғимарат маңында тұрып, келген адамдарға теориялық сұрақтардың жауабын айтып отырған, ал орталық қызметкерлері практикалық емтиханды тапсырғаны туралы көрінеу жалған мәліметтерді ақпараттық базаға енгізген.

«Тергеу барысында сыбайластардың рөлдерді бөліскені анықталды: делдалдар ғимарат маңында тұрып, келген адамдарға теориялық сұрақтардың жауабын айтып отырған, ал орталық қызметкерлері практикалық емтиханды тапсырғаны туралы көрінеу жалған мәліметтерді ақпараттық базаға енгізген», — деп хабарлады прокуратурада.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы осы алаяқтық схема бойынша 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған. Жалған жүргізушілерге берілген куәліктердің қолданысы тоқтатылды.

Күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша сараланды: 262-бап — ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оларға қатысу; 206-бап — ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту.

Прокуратурада қосымша айтылғандай, алты адамға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы, үшеуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат, біреуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.