Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығында сирек кездесетін жыртқыш — қанатын кең жайып, еркін самғаған аққұйрықты қыран бүркіттің бейнесі түсірілді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
«Қуатты қанаты мен айбарлы келбеті бұл құсты Қазақстанның ең әсерлі қанатты жыртқыштарының біріне айналдырады», — делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарламасында.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының деректеріне сәйкес, аққұйрықты қыран бүркіт — саны азайып бара жатқан сирек құс. Ол Еуразияда кең таралған, әлемдік фаунадағы сегіз қыран бүркіт түрінің бірі және Қазақстан фаунасындағы екеуінің бірі. Көбінесе қамыс пен тоғай өсімдігіне толы су айдындарының жайылмаларында кездеседі.
Қорықтың деректері бойынша, солтүстік Каспий маңында 800–1000 аққұйрықты қыран бүркіт қыстайды. Іле өзенінің атырауында құс ақпанның үшінші онкүндігінде, басқа жерлерде сәуірде жұмыртқа салады. Ұяда 1-ден 4-ке дейін, көбінесе 2–3 жұмыртқа болады.


