Атырау облысында «Киберконтроль» бағдарламасының көмегімен 3 мыңға жуық фишингтік сайт пен жалған хабарландыру бұғатталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. Сонымен қатар «Антифрод-центр» жүйесі арқылы зардап шеккендердің 21,2 млн теңгеден астам қаражаты бұғатталды, деп жазады infohub.kz сайты.

Жыл басынан бері өңірде алаяқтықтың 484 фактісі тіркелді — жалған хабарландырулардан бастап телефон қоңыраулары арқылы ақша ұрлауға дейін. Оның 126-сы ашылды, бұл қылмыстарға 38 адамның қатысы бар екені анықталды.

«Антифрод-центр» жүйесіне интернет-алаяқтықтың 748 жағдайы енгізілді. Бұл деректер қай кезеңде жинақталғаны хабарламада нақтыланмаған.

Anti-fraud Call center іске қосылғаннан бері операторлар 58 181 қоңырау қабылдады, оның ішінде 14 140 алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді. «Қазақтелекоммен» бірлесіп азаматтардың алаяқтарға ақша аударуының тағы 116 жағдайының алды алынды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тұрмыстық техника сату және пәтер жалдау туралы жалған хабарландырулар, кредит рәсімдеуге көмектесу және инвестициядан табыс табу ұсыныстары анықталды. Сондай-ақ банк карталарын заңсыз пайдалану фактілері де әшкереленді.

Осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Бір бөлігі сотқа жіберілді, қалғандары бойынша тергеу жалғасуда.

Білім беру мекемелерінде полицейлер 22 кездесу өткізіп, оған 9,7 мың оқушы мен студент қамтылды. Қатысушыларға алаяқтықтың кең тараған схемалары мен қорғану жолдары түсіндірілді.

Түсіндіру жұмыстары мұнай компанияларының, медициналық ұйымдардың, банктер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері арасында да жүргізілді. Волонтерлер мен учаскелік инспекторлар 25 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратты.

Полиция азаматтарды ақша аудармас бұрын сатушылардың сенімділігін тексеруге, банк карталарының деректері мен SMS-кодтарын бөгде адамдарға айтпауға шақырды. Сондай-ақ күдікті сілтемелерге өтпеуге және оңай табыс уәде еткен хабарландыруларға сыни көзқараспен қарауға кеңес берілді.

Бұған дейін «Курсив» соңғы үш жылда Қазақстанда интернет-алаяқтық саны 40%-ға азайғанын, ал оның ашылу деңгейі шамамен 30%-ға өскенін жазған. Үкіметтің дерегінше, зардап шеккендерге 5,9 млрд теңге өтелген, ал Ұлттық банктің Антифрод-центрі тағы 117 млрд теңгеден астам қаражаттың шығарылуын бұғаттаған.