Атыраудағы Мемлекеттік рәміздер алаңында Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Іс-шараға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, рәсімге өңір басшысымен бірге мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, жастар және қала тұрғындары қатысқан.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтеріліп, Мемлекеттік әнұран орындалды. Содан кейін жиналғандарға облыс әкімі құттықтау сөз сөйледі.
«Республика күні — біздің мемлекеттілігіміз тарихындағы маңызды белес. Бүгін біз өткен жолды қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және мемлекетті нығайтуға бағытталған реформалар дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Қазақстанның болашағы үшін ортақ жауапкершілік, бірлік пен келісім — біздің одан әрі дамуымыздың негізі. Баршаңызға зор денсаулық, әр отбасыға береке-бірлік, елімізге тыныштық пен өркендеу тілеймін», — деді Болат Ақшолақов.
Шара концерттік бағдарламамен аяқталды.


