Атырауда С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің алаңында Мұнай-газ өнеркәсібі инженерлері қоғамының (SPE) Каспий техникалық конференциясы мен халықаралық көрмесі жұмысын бастады. Іс-шара 24-26 қараша аралығында өтеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Конференцияға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, жетекші энергетикалық компаниялардың өкілдері, халықаралық сарапшылар мен ғалымдар қатысуда.
Конференцияны аша отырып, өңір басшысы Атырау облысының елдің мұнай-газ саласындағы стратегиялық рөлін атап өтті. Мұнда әлемдік деңгейдегі ірі жобалар — Теңіз бен Қашаған, сондай-ақ мұнай-газ-химия кешенінің кәсіпорындары орналасқан. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында өңірдің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14,3 трлн теңгені құрады.
«Бүгін біз үшін мұнай-газ саласын әртараптандыру, шикізатты терең қайта өңдеу, жаңа өндірістер құру және жергілікті бизнесті дамыту ерекше маңызды. Сонымен қатар экологиялық қауіпсіздікке, Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экожүйелерін сақтауға, заманауи технологияларды енгізуге және білікті мамандар даярлауға баса назар аударылуда. SPE-2026 конференциясы халықаралық серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, энергетика саласының дамуына нақты үлес қосады деп сенемін», — деді Болат Ақшолақов.
Үш күн бойы қатысушылар әлемдік энергетиканың дамуын, көмірсутек ресурстарын игеруді, өндіріс тиімділігін арттыруды және инновациялық технологияларды енгізуді талқылайды.
Халықаралық көрмеде шетелдік және өңірлік компаниялар заманауи мұнай-газ технологияларын, жабдықтар мен цифрлық шешімдерді ұсынуда. Бағдарламада сондай-ақ оқушылар мен педагогтарды инженерлік кәсіптермен және энергетика саласының перспективаларымен таныстыруға бағытталған Energy4me білім беру іс-шарасы қарастырылған.


