Атыраудағы екі тұрғын үшін TikTok-тағы тікелей эфир әкімшілік істерге ұласты: эфир кезінде әйелдердің бірі өзін «20 жылдық террорист» деп атап, оны «бүкіл ҰҚК біледі» деп мәлімдеген. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Атырау облысы полиция департаменті TikTok-тағы тікелей эфирде абайсыз сөз сөйлеген екі тұрғын туралы ақпаратты Instagram-дағы ресми парақшасында жариялады. Полиция орналастырған бейненің басында әйелдердің бірінің: «Мен 20 жылдық террористпін. Мені бүкіл ҰҚК біледі» деген сөзі естіледі.

Баспасөз қызметі әлеуметтік желілердегі тікелей трансляция барысында құқыққа қайшы әрекет жасаған 38 және 39 жастағы екі әйелдің жеке басын полиция анықтағанын атап өтті.

«Екі әйел де полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру қорытындысы бойынша оларға қатысты үш әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды: ұсақ бұзақылық, тыйым салынған контент тарату, сондай-ақ қоғамдық орындарда бетті жасыратын киім кию», — деді Полиция департаментінде.

Әкімшілік істердің материалдары сотқа жіберілгені хабарланды. Сонымен қатар әйелдермен теолог қатысқан профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға заңнама талаптары, қоғамдық тәртіп нормалары және болашақта осындай бұзушылыққа жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.

«Әлеуметтік желілер заңды сақтаудан босатпайды. Кез келген құқыққа қайшы әрекет, оның ішінде тікелей эфир кезінде жасалғаны да, заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылып, кінәлілер жауапкершілікке тартылады», — деп қосты Полиция департаментінде.