Атырау облысында мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін заңсыз дайындау мен сатудың жолы кесілді. Күдіктінің үйінде тінту кезінде 800-ден астам жалған куәлік пен оларды жасауға арналған жабдық тәркіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, іске полицейлердің ішінде төрт ер адам отырған Lexus 470 көлігін тоқтатуы себеп болған. Бұл оқиға 23 қарашада болған. Көлікті тексеру кезінде тәртіп сақшылары сыртқы түрі тапанша макетіне ұқсайтын затты және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің куәлігін тапқан. Тексеру құжаттың жалған екенін көрсетті.

Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жалған құжаттарды жасаған болжамды адамға — Атырау облысының 39 жастағы тұрғынына жетті.

Ер адамның тұрғылықты жерінде тінту кезінде түрлі мемлекеттік органдардың 803 жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 606 куәлігі, Ішкі істер министрлігінің 95, мемлекеттік кірістер органдарының 47, прокуратураның 46, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 9 куәлігі бар.

Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 367 эмблемасы, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатты диск және жалған құжаттарды дайындауға пайдаланылған болжамды басқа да заттар тәркіленді.

Алдын ала деректерге қарағанда, күдікті жалған куәліктерді сатумен айналысқан. Тоқтатылған көліктегі ер адамдардың бірі одан осындай құжаттарды сатып алғаны анықталды.

«Қазіргі таңда полиция құқыққа қарсы әрекеттің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарды және жалған куәліктерді сатып алған адамдарды анықтап жатыр. Полицияның уақтылы әрі дәйекті әрекеттері қылмыс жасауға пайдаланылуы мүмкін жүздеген жалған куәліктің одан әрі таралуының алдын алды. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда», — деп атап өтті ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.