Австралиялық медиамагнат балалық шағында жыныстық зорлыққа ұшыраған, қоғамдық қорғау жөніндегі белсенді Грейс Теймге қатысты «ол тағы да зорланғысы келіп жүрген болар» деген сөзді айтқанын мойындады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

31 жастағы Грейс Теймді мұғалімі азғырып, зорлық жасаған. Ол балалар қауіпсіздігі жөніндегі белсенді қызметі үшін 2021 жылы «Жыл австралиялығы» атағына ие болған.

Тәуелсіз Crikey басылымына жазған мақаласында Тейм Мэтт Хэндберидің досымен сөйлескенін естіп қалғанын, бұл сөз оны қатты күйзелткенін, ал оны естіген басқалардың араға түспегенін жеткізді. Руперт Мердоктың жиені әрі оның компанияларында бұрын басшы қызмет атқарған Хэндбери Би-би-сидің пікір сұраған өтінішіне жауап бермеді. Алайда Теймге жазған электронды хатында ол «айрықша жеккөрінішті» сөзін айтқан бойда өкінгенін білдірген.

Crikey мақаласында Тейм бұрын кездеспеген Хэндберимен сол мезетте, кейін кешке тағы да сөйлесіп, оның айтқанын дұрыс естігеніне көз жеткізгенін жазды. Оның айтуынша, бұл кездесу басынан кешкен зорлығы туралы естеліктерді қайта оятып, құсығы келгендей күйге түсірген.

«Бүкіл денем азаптан шымырлап кетті», — деп жазды ол Crikey үшін. «Жанжалды көрген көптеген ер мен әйел таңырқап, Мэттің әрекетіне ашуларын тез білдірді... Алайда, ирониясы сол, тәжірибелі белсенділер, журналистер, заңгерлер және нағыз ақпарат таратқыштар толы бөлмеде менен басқа ешкім сол сәтте Мэтті жауапқа тартпады», — деп жазды ол.

Келесі күні Би-би-си көрген электронды хатта 77 жастағы Хэндбери «нашар әзіл» үшін кешірім сұрады. «Мен сіздің көз тартарлық әдемі киіміңізге тоқталдым... Сондай-ақ: „Ол тағы да зорланғысы келіп жүрген болар“ деп айттым», — делінген хатта. Ол Теймге «мені әшкерелегені» және «табиғатымдағы осы кемшілікті толық көруіме көмектескені» үшін алғыс айтты. «Бірақ кеше сіздің керемет көрінгеніңізді ешкім жоққа шығара алмайды», — деп қосты ол.

Тейм Хэндберидің сөздерін «айрықша жиіркенішті» деп бағалады, өйткені ол «ойдан шығарылған зиянға» емес, «ол білетін, қылмыстық жолмен дәлелденген нақты ауыр тәжірибеге» қатысты болды. «Бұл терең физикалық жаралар мен қорқынышты естеліктерді дереу қайта оятты. Бұл қалайша күлкілі болуы мүмкін?» — деп жазды ол.

Тейм 15 жасынан бастап 58 жастағы математика мұғалімі Николас Оккерт Бестердің азғыруына түсіп, зорлыққа ұшыраған. Кейін ол кінәлі деп танылып, 2011 жылы Тейм оның шәкірті кезінде жасаған жыныстық зорлығы үшін бір жыл тоғыз ай түрмеде отырды.

«Олар әрдайым соншалықты қатал, жария немесе дәлелді бола бермейді, бұт мұндай тәжірибелер менің күнделікті өмірімнің бөлігі», — деп жазды Тейм Хэндберидің сөздері туралы Instagram-да. «Қорлықтан және одан кейінгі психологиялық қысымнан шаршадым. Ашуландырып, сосын неге ашуландың деп сұрағанынан шаршадым. Әділетсіздікпен күрескенім үшін оны таратқандардан гөрі көбірек сынға ұшырағанымнан шаршадым».