Қазақстанда вице-президент Ерлан Кариннің төрағалығымен Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша мемлекет басшысына 255 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сонымен қатар комиссия 43 адамның қазақстандық азаматтықтан шығу туралы өтінішін қанағаттандыруды ұсынбақ.

Вице-президенттің айтуынша, Қазақстан азаматтығынан шыққысы келетіндердің саны соңғы жылдары азайып келеді. Мәселен, соңғы 8 жылда қазақстандық азаматтықтан шығу туралы өтініштер саны шамамен 40 есеге қысқарған. Бұл өз кезегінде еліміздегі әлеуметтік оптимизмнің жоғары деңгейін көрсетеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біздің паспорттың салмағы жыл сайын артып келеді, бұл еліміздің тартымдылығының өсіп келе жатқанын білдіреді. Түрлі индекстердің дерегінше, қазақстандық көгілдір паспорт өңірдегі ең мықты паспорт саналады, ал азаматтарымыз әлемнің 80-ге жуық еліне визасыз бара алады», – деді Ерлан Карин.

Бұдан бөлек, қазақстандық азаматтық институты IT саласының, бизнестің, инвесторлардың, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің танымал шетелдік өкілдері үшін де тартымды бола түсуде.

«Еліміздің азаматтығы беделінің артуы – президенттің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы реформаларын жүзеге асырудың нәтижесі, сондай-ақ Мемлекет басшысы жүргізіп отырған халықаралық ынтымақтастық саясатының жемісі», – деп атап өтті вице-президент.