Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі танкерден мұнай төгілуіне байланысты жағажайларды халыққа жапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Би-би-сиге сілтеме жасаған NUR.KZ-тің мәліметінше, Ормуз бұғазының маңында шабуылға ұшыраған Gem No.2 танкерінен төгілген мұнай БАӘ жағалауына қарай тарай бастаған. Осының салдарынан кейбір жағажайлар мен жағалау аймақтары жабылды.
Кемемен болған оқиға 9 қазаннан 10 қазанға қараған түні орын алған. Сол уақыттан бері спутниктік суреттерге сәйкес, мұнай дағы танкер зақымдалған жерден 35 шақырымнан астам қашықтыққа таралған.
Алдыңғы күні БАӘ билігі оқиғаның салдары Умм-эль-Кувейн қаласының маңындағы жағажайларға әсер еткенін мәлімдеді. БАӘ-нің Климаттың өзгеруі және қоршаған орта мәселелері жөніндегі министрлігі мұнайдың қоршаған ортаға әсерін шектеу үшін «төгілуді оқшаулауға дереу кірісті» деп мәлімдеді.
Ал Шарджа теңіз ғылыми зерттеулер орталығының директоры Стив Уиддикомб басылымға қоршаған ортаға әсердің «сөзсіз» болатынын айтты. Алайда оның айтуынша, қазіргі таңда залалдың ауқымын бағалауға әлі ерте.


