Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Балқашта адам өліміне әкеп соққан қылмыстық істі қарады. Сот төрінде үш айыпталушы, оның ішінде бір кәмелетке толмаған жасөспірім тұрды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, іс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған, абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтіруге қатысты болды.

Сот 2025 жылғы 22 желтоқсанға қараған түні Балқашта кәмелетке толмаған жасөспірім мен тағы екі айыпталушы төбелес кезінде жәбірленушінің басына жұдырықпен және аяқпен көптеген жарақат салғанын анықтады. Алған жарақатынан ер адам ауруханада көз жұмды.

Айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбамен, сараптама қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.

Басты сот талқылауы барысында прокурор кәмелетке толмаған жасөспірімге 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын, қалған екі айыпталушыға 9 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап айыпталушылардың әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 7, 9-тармақтарына (адам өлтіру) қайта саралауды сұрады. Қорғау тарапы айыпталушыларды ақтауды өтінді.

Жаза тағайындау кезінде сот бір айыпталушының кәмелетке толмағандығын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Айыпталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен кәмелетке толмаған жасөспірім кінәлі деп танылып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, оның екі жолдасы 9 жылдан бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, 10 млн теңге өндірілді, сондай-ақ 3,5 млн теңге көлемінде өкілдік шығыстар да өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.