Миллиондаған адам балық майын жылдар бойы қабылдайды. Алайда жаңа зерттеу омега-3 қоспалары Альцгеймер ауруы қаупі жоғары егде адамдардың миын қорғап, жадын жақсартатынын растаған жоқ. Бұл туралы ScienceDaily жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оңтүстік Калифорния университетінің Кек медицина мектебінің ғалымдары 55 пен 80 жас аралығындағы 365 еріктінің қатысуымен екі жылдық зерттеу жүргізді. Қатысушылар балықты сирек жеген және Альцгеймер ауруының даму қаупі жоғары болған, олардың 47 пайызында APOE4 генетикалық маркері болды. Зерттелушілер күн сайын омега-3-тің жоғары дозасын — 2000 миллиграмм докозагексаен қышқылын — немесе плацебо қабылдады.
Алты айдан кейін қоспа қабылдаған топтың жұлын-ми сұйықтығында қышқыл деңгейі 17 пайызға өскені байқалды. Бұл омега-3-тің миға жететінін растады. Алайда екінші жылдың соңында когнитивтік тесттер мен томография суреттері ешқандай артықшылық анықтаған жоқ. Балық майы жадының қалыптасуына жауап беретін ми аймағы — гиппокамптың кішіреюін баяулатпады.
Зерттеу авторлары омега-3 капсулада оқшауланған күйде емес, теңгерімді рационнан келгенде организмге пайдалы деп есептейді. Миды қорғау үшін мамандар жерорта теңізі диетасы сияқты салауатты тамақтануды ұстануды, тұрақты жаттығуды және ұйқыны жеткілікті алуды ұсынады.


